Қазақстан • 24 Қазан, 2017

Алматыда Еуразия апталығы өтуде

231 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еліміздің әлемдік сауда нарығындағы бәсекеге қабілеттілін арттыру мен әлемдік сауданың ашық алаңына еркін енуі негізгі  міндеттердің бірі болып отыр. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының бастамасымен Алматыда  өткен «Ортақтаса гүлденуге ашық нарықтар» тақырыбындағы Еуразия апталығында бұл туралы кеңінен айтылды. 

Алматыда Еуразия апталығы өтуде

ЭЫДҰ Еуразия апталығына Еуразия және ЭЫДҰ елдерінің жоғары шенді мемлекет қайраткерлері, халықаралық әріптес-ұйым қызметкерлері, сондай-ақ ғылыми қоғамдастық, бизнес және қоғам өкілдері қатысты.

Әлемнің әр қиырынан келген жауапты мамандар мен ғалымдар бизнес пен сауда алаңын дамытудың жан-жақты тетіктерін талқылады. Жалпыға ортақ міндет – ортақ тиімділікті арттыра отырып ынтымақтаса жұмыс істеу. Апталық аясында бірнеше бағыттар бойынша жекелеген форумдар өтіп экономикалық бәсекелестікті арттыру мен сауда үдерісінің қарқынын күшейту  жөнінде көптеген ұсыныстар айтылды. Орталық Азияның бірқатар елдері  үшін әлі күнге шешімін таба алмай келе жатқан ортақ мәселелерді реттеуге байланысты орамды ойлар  ортаға тасталып,  ұйым жұмысын жүйелеу, жекеменшік сектор мен жан-жақты даму жолдарын жетілдіру сынды мәселелер қарастырылды. Осымен төртінші рет ұйымдастырылып отырған әлемдік жиын Еуразия құрлығында алғаш рет өтіп отыр. Армения, Украина, Венгрия, Азербайжан және Моңғолия секілді 13 мемлекеттің өкілдері бас қосқан жиында біздің тараптан Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев бастаған ресми топ қатысып ЭЫДҰ бас хатшысы Анхель Гурриамен және форумға қатысушы елдер делегацияларының басшыларымен кездесті. Кездесу барысында соңғы жылдардағы Қазақстан мен ЭЫДҰ-ның арасындағы тәжірибе алмасудың сапалы платформасы – Ынтымақтастықтың елдік бағдарламасы аясында белсенді өзара іс-қимыл жасасу кезеңіне өткені айтылды. Сонымен бірге ұйым биыл бағдарламаны 2018 жылға дейін ұзарту ұсынысын мақұлдады. Халықаралық тарап Қазақстанның Білім беру саясаты жөніндегі комитетте «Қатысушы» деңгейіне дейін және Құрыш комитетінде «Қауымдастырылған мүше» деңгейіне дейін өз мәртебесін арттыру жолында сапалы жұмыстар жүргізіп жатқанын баса айтты. Оған қоса еліміздің ЭДЫҰ-Бәсекелестік жөніндегі комитетіне 2019-2020 жылдары толық құқықты мүше ретінде кіру мәселесі де назардан тыс қалмады.

Еске салсақ, 2015 жылдың наурыз айында ЭЫДҰ-мен «ҚР монополияға қарсы заңнамасы мен саясатына шолу» жүргізу туралы келісімге қол қойылған болатын. Осылайша, 2016 жылғы маусым айында еліміз монополияға қарсы заңнамасындағы оң бағыттарының нәтижесінде ЭЫДҰ-ның Бәсекелестік жөніндегі комитетіне қатысушы ретінде кірген еді. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен ынтымақтастық аясын кеңейту мәселелері жуырда ғана  Елордада өткен Бақытжан Сағынтаевпен Анхель Гурриа арасында жүргізілген келіссөзде де кеңінен айтылған болатын. Халықаралық деңгейдегі экономикалық сарапшылар   аталған басқосу ұйым мен аймақ мемлекеттері арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай,  дамудың даңғыл жолына апаратын көптеген жетістіктердің қақпасы  болатынын айтты.

– Еуразия елдері дағдарыс басталғанға дейін 10 жыл бұрын болған жетістіктеріне жете алмай келеді. Сол кезде жылдық ЖІӨ жиынтық көлемі 8%  деңгейінде болатын. 2010 жылдан бері ол көрсеткіш жылына небәрі 3,3%-ға тең және оның төмендеу үдерісі байқалады. Ең негізгі міндеттердің бірі ашық нарық қалыптастыру екенін бәріміз білеміз. Қазақстан қазір осындай әлемдік мәселелерге  белсене қатысады. Сондықтан, біз ауқымды жиынды Алматыда өткізуді жөн көрдік. Жалпы, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы Еуразия мемлекеттеріндегі кәсіпкерлік, инновация, шағын және орта бизнестің өркендеуін әркез қолдайды. Осы бағытта мемлекеттер арасындағы нарықтық кедергілерді алып тастау қажет – дейді Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының бас хатшысы Анхель Гурриа.

Еуразия апталығының жекелеген бағдарламасы аясында бизнес өкілдері Еуразия елдерінің жоғары лауазымды мемлекеттік қайраткерлерімен және өңірге қызығушылығы бар немесе өңірде бизнеспен айналысып жүрген компания өкілдерімен кездесу мүмкіндігіне ие болып тәжірибелерімен бөлісті. Бұл өз кезегінде бизнесті жаңа тұрпатта дамытуға зор  септігін тигізбек.

Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ